Алқабилер соты аса ауыр қылмыс жасаған 3 азаматты 10-нан 16 жылға дейінгі аралықта бас бостандықтарынан айырды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алқабилер сотының шешімімен аса ауыр қылмыс жасаған 3 азамат 10-нан 16 жылға дейінгі аралықта бас бостандықтарынан айырылды.

Алқабилер соты аса ауыр қылмыс жасаған 3 азаматты 10-нан 16 жылға дейінгі аралықта бас бостандықтарынан айырды

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, үш азамат алдын ала келісім бойынша және аса қанішерлікпен Любовь Качанованы өлтіріп, осы қылмыстың куәсі болған Надежда Саранчинаны да о дүниеге аттандырмақ болған. "Осыған байланысты алқабилер соты ауыр қылмыс жасағандары үшін Дәурен Нұразхан мен Асхат Таринді және Нина Синельникованы 10, 12 және 16 жылға бас бостандықтарынан айырды", - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ жақында сот Михаил Ешуткин атты азаматқа қатысты да үкім шығарған. Ол өзінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру үшін Астана, Қарағанды, Алматы, Атырау, Өскемен, Қостанай қалаларында 120-дан астам жалған кәсіпорындар құрған. Осы кәсіпорындар арқылы заңсыз табылған қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырып, мемлекетке 15 миллиард теңге шығын келтірген. Осы қылмысы үшін Ешуткин 6 жылға бас бостандығынан айырылды. «Прокуратура органдары қоғам арасында үлкен дүрлігушілік тудырған осындай күрделі қылмыстық істерді іздестіруді басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады», - деді Ж.Өмірәлиев.