Алқабилердің қатысуымен өтеді: Бишімбаевтың басты соты 27 наурызға белгіленді

Қуандық Бишимбаев
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты алдын ала тыңдау аяқталды. Сот залына БАҚ өкілдері бүгін де жіберілмей, онлайн қатысты. 

«ҚР Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған Қ. Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бас сот талқылауы тағайындалды. Басты сот отырысы 2024 жылғы 27 наурызда сағат 10:00-де Астана қаласы, Кенесары көшесі, 3 мекенжайында алқабилердің қатысуымен өтеді», - деді судья Айжан Құлбаева шешімді оқи отырып.

Айжан Құлжанова
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Сондай-ақ, судья ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 320, 321-баптарын басшылыққа ала отырып, күдікті Қ. Бишімбаев пен Б. Байжановтың қорғаушыларының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Қуандық Бишимбаев
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

«Прокурорға айыптау актісінің көшірмесін сотталушының қорғаушыларына тапсыру міндеттеледі. ҚР Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-тармағының 1-тармағында, 99-бабының 2-тармағының 5-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталушының Қ. Бишімбаевқа қатысты және ҚР Қылмыстық кодекстің 432, 434-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп айыпталушының Б. Байжановқа қатысты басты сот отырысында аудио және бейнежазба құралдары қолданылады», - дейді ол.

Одан бөлек, судья А. Құлбаева басты сот отырысына алқабилердің бірыңғай тізімінен 300 кандидатты шақыруды талап етті. Сот ісі орыс тілінде жүреді.

Қуандық Бишимбаев
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

«Сотталушының қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сақталсын, істі сотта қарау кезеңіне арналған мерзім іс сотқа келіп түскен күннен бастап 6 айға дейін ұзартылсын. Қаулы түпкілікті, шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды», - деп толықтырды судья. 

прокурор
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Айта кетейік, кеше Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды. Сот залына журналистер тікелей қатыса алмады, БАҚ өкілдері үшін бөлек залда тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Экс-шенеуніктің ісіне қатысты алдын ала тыңдауға 80-ге жуық БАҚ өкілі қатысты.

Алдын ала тыңдау барысында Прокурор экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты істің мән-жайымен таныстырды.

Соңғы жаңалықтар