Әлкей Марғұлан жеке мұрағатынан Бауыржан Момышұлының қолжазбасы бар карта табылды

None
Фото: facebook.com/gylym.jogarybilim
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогика университетінің тарихшылары Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының Әлкей Марғұланға табыстап кеткен картасын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғылым министрлігі мәліметінше, тарихи құжат академиктің жеке мұрағатынан табылған.

Бұл туралы Марғұлан университетінде өткен конференция барысында Margulan Centre археология орталығының қызметкері Еңлік Әбеуова баяндама жасап, алғаш рет көпшілік қауымға жария етті.

Картада Шымкент облысының 1972 жылғы әкімшілік территориясы көрсетілген.

Аталған тарихи құжатты Халық қаһарманы академик Әлкей Марғұланға 1973 жылдың желтоқсан айында берген.

Міне, содан бері жарты ғасыр уақыт өтті.

Картаның басты бетіне Бауыржан Момышұлы өз қолымен:

«Таразыда Тастария,

Сайрамдағы Сансызбай,

Арыстанда Албарбарыс,

Жуалыда Жолбарыс,

Түркістанда Түйменбап» деген сөздер бар біздің елде, сол сөздердің тарихы терең, астары жер астында (археология) жатқан болар» деп жазып қойған.

Ал картаның артқы бетіне сызба мен оның қысқаша анықтамасын келтірген, яғни ата-бабалары бойынша ақпарат берілген.

«Бұл құжаттың бүгінгі таңда тарихи маңызы өте зор. Себебі 60-тан асып, 70-ке таяған кездегі екі тау тұлғаның арасындағы қарым-қатынас, туған жеріне, тарихына деген ықыласы сезіліп тұр. Бауыржан Момышұлы жер атаулары мен батыр бабалары туралыа ақпаратты бөлісе отырып, әрі қарай зерттеуге, тарихты зерделеуге, жаңа мағлұмат алуға қолқа салып отырғандай», - дейді Еңлік Қабыкенқызы.


Соңғы жаңалықтар