Алкоголь өнімдерінің акциздік салығы 3,1 есеге өседі
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - 2016 жылға дейін Қазақстанда алкоголь өнімдерінің акциздік салығы 3,1 есеге өседі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.
Комитет төрағасы атап көрсеткеніндей, бүгінде ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі алкоголь өнімдерінің акциздік салығын көтеруді көздейтін арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізді. «Оған сәйкес 2014 жылы 1 литр ішімдік үшін мың теңге, 2015 жылда - 1200 теңге, ал 2016 жылы 1600 теңгеге дейін көтеру көзделген. Сөйтіп, 3 жылдан кейін алкоголь өнімдерінің акциздік салығы 3,1 есеге өседі», - деп атап көрсетті Ә. Жұмаділдаев.