«Алла» деген жазуы бар құлын өсіп келеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 қыркүйек, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Алла» деген жазуы бар құлын өсіп келеді» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, үстіміздегі жылы Қазан қаласында Мәдениет министрлерінен құралатын ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесі қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығын кеңінен атап өтуге мәміле жасаған болатын. Осы шешім аясында қазір ұлағаты зор нақты істер тындырылуда. Түркі халықтарының ауызбіршілігіне қызмет етіп отырған Халықаралық түркі мәдениетін дамыту қоры (ТҮРКСОЙ) Сүйінбай Аронұлының шығармаларын тұңғыш рет түрік тіліне аударуға ықпал етіп қана қоймай, оны жарыққа шығарып, Алматыда арнайы таныстырылымын өткізді. Кітапта ақын атамыздың өлеңдері мен осы тұлға туралы қалам тербетіп жүрген қаламгерлердің бірқатар мақалалары түрік тіліне аударылып берілген. Сондай-ақ, Түркия бойынша Сүйінбайдың шығармашылығын білетін және оны насихаттап жүрген 2 ғалымның мақалалары кірген. Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен кітап тұсаукесерінің рәсімін Кәдірбек Құныпияұлы, Ахметжан Ашири, Темірхан Тебегенов, Нұрдәулет Ақыш сынды қаламгерлер сөз сөйлеп ашты. Бұл жайында «Түрік тілінде сөйлетті» сөйлетті деген мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Жаңа бағдарламаның жаңалығы неде?» Денсаулық сақтау ұлттық палатасының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Омаровпен арадағы сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елімізде келесі жылдан бастап денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа бағдарламасы күшіне енбек. 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге асырылған «Саламатты Қазақстанның» орнын басатын «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі отыр.

«Барлық азаматтарға тікелей қатысты жаңалық ретінде мен отбасылық дәрігерлердің енгізілуін атар едім. Бірнеше жылдан бері бұған қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, мамандар дайындалуда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) жетекші рөлге ие болады. Кеңестік денсаулық сақтау жүйесінен бізге стационарлық көмектің басымдық қағидатымен құрылған үлгі мұраға қалды. Негізгі кадрлық, қаржылық, техникалық ресурстар осы буында шоғырланды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында бұл жағдайды түбегейлі өзгерту міндеті қойылып отыр. Себебі, бүкіл әлем стационарға иек арту тым қымбат, әрі тиімсіз екенін әлдеқашан түсінген. Жаңа жүйе бойынша отбасылық дәрігер тәжірибесі енгізіліп, пациенттерге оларды таңдау құқы беріледі. Бұл кең профильді, практикалық және коммуникативтік біліктілігі жоғары, командада жұмыс істей алатын мықты мамандар болу керек. Отбасылық дәрігер пациенттерді өмір бойы қарап, барлық емдеу шараларының үйлестірушісі болуы тиіс. Мұндай дәрігер өз пациентінің анемнезін, тұқым қуалайтын ауруларға бейімділігін жіті біліп, оларды ескере отырып, шара қабылдайды. Бұл медицина саласының жұмысын, науқастың алдын алуға бағыттауға мүмкіндік береді»,-дейді ғалым.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Таран ауданының Набережный ауылында тұратын Жұбанышевтардың шаруашылығында «Алла» деген жазуы бар құлын өсіп келеді. Осыдан төрт ай бұрын биесі құлындаған кезде мойнындағы ағарған белгіге отағасы Кенжетай да, балалары да аса мән бермепті. Құлын өсе келе әлгі ақ жолақ араб жазуына ұқсайды. Оны Кенжекең суретке түсіріп алып, ауыл мешітінің имамына көрсетеді. Имам әлгі жазудан «Алла» сөзін оқиды. Кенжетай Жұбанышев отбасының бұл ауылда тұрып жатқанына біраз жыл болыпты. Алғашында ауылдағы жекенің малын бағады, одан кейін өздері жылқы өсіріп, «Құлыншақ» атты жеке шаруашылық құрады. Кенжекең таңбалы құлынның асыл тұқымды жылқының тұқымы екенін айтып отыр. Бұл жайында «Алла» деген жазуы бар құлын өсіп келеді» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда қар түскенге дейін биылғы астықтың 25 пайызын жинап алу ғана қалды. Бұл туралы кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Отырыста орақ науқанының өзекті мәселелері қаралды.

- Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтеріне қарағанда, 28 қыркүйекте 11 миллион гектар дәнді дақылдар немесе жиналатын аумақтың 74,7% жиналды. 13,2 миллион тонна дән бастырылды. Өнімділік - әр гектардан 12 центнерден айналып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жақсырақ, 0,4 центнерге жоғары, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Оның мәліметінше, Қазақстандағы дәнді дақылдар егілетін үш негізгі облыста 8,1 миллион гектар егістіктен егін жиналды. Бұл олардағы егіннің 71,5%-ын құрайды. 9,4 миллион тоннасы бастырылыпты. Осы дайында басылым «Егін ору екі аптада бітуге тиіс» атты материалда жазған.

Бұл газетте «Қазақ жерінің қазынасы қанша табыс түсірді?» деген көлемді мақала берілген. «Қара алтын» бағасының тым арзандап кетуі әлемдегі жиырма шақты елді қаусатады, дамыған елдердің де өркендеуіне кедергі болады.

Бірақ мұнымен мұнай дәуірі бітпейді: одан алынатын өнімдердің көптігі сонша, алда бұл сектордың жаңа «алтын ғасыры» бастау алуы ықтимал». Кеше еліміздің Энергетика министрлігінің басшылығы осындай қызықты болжамын жария етті. Бұл күні Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық KAZENERGY форумы ашылды. Жаһандық энергетика көшбасшыларының басын қосатын бұл жиынның жұмысы биыл үш күнге созылмақ. Мұнай-газ конференциясын ашқан «Ұлттық инженерлік академия» прези­денті Бақытжан Жұмағұлов мұнай-газ саласын дамытуға енді «аспанасты елінің» басшылығы көтерген «Бір белдеу - бір жол» атты Жібек жолының экономикалық белдеуі бастамасы тың серпін беретінін айтты: «Биылғы мамыр айында Астана экономикалық форумында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының біз үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Бұл бастама алғаш Астанада жария етілді және Қазақстан оны бірінші болып, қолдады. Бүгінде өз үлесімізді қосудамыз. Бұл бастама - жаңа дәуірдің көрінісі. Ол алдағы жаңа әлемдік құрылыстың алғашқы белгісі. Ол планетамыздағы өмірдің барлық қырларын қозғайтын болады. Тиісінше, энергетика саласы да қалыс қалмайды. Көркем тілмен түйіп айтсақ, сіз бен біз қызықты уақытта және керекті жерде өмір сүріп жатырмыз!». Бұл жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.

***

Өскемендегі трамвай паркінің проблемалары жайында «Казахстанская правда» газеті «Трамвай останется...?» деген мақалада жариялады. Қаланың тұрғындары трамвай көлігінің қазіргі жағдайына алаңдаулы, себебі соңғы 20 жылға жуық уақытта оның бірнеше меншік иелері ауысып үлгерген екен.

Аталған көлік паркінде бүгінде қомақты сомада берешек қарызы жинақталып, банктік шоттарына тыйым салынған көрінеді. Қоғамдастық кеңесінің отырысында кәсіпорынның банк алдындағы қарызы 370 млн. теңге көлемінде екені белгілі болды.

Қоғамдық көліктің бұл түрі күніне кем дегенде 35 мың жолаушыны тасымалдайды екен. Трамвайлар жұмысы таңғы сағат 5-те басталып, түнге қарай тоқтайды. Жеке көліктері жоқ тұрғындар үшін трамвай көлігінің жүруі өте маңызды, өйткені, тәуліктің аталған мезгілдерінде автобустар жолға шыға қоймайды. Сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын ескере отырып, тұрғындар трамвай Өскеменге ауадай қажет екенін алға тартуда.