Аллаға өз пенделерінің дене мүшелері емес, рухы керек - Алматы қаласының имамы

АЛМАТЫ. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазір трансплантация жасау әдетттегі жағдайға айнала бастады.

Аллаға өз пенделерінің дене мүшелері емес, рухы керек - Алматы қаласының имамы

Оны ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бүгін Алматыда А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы дәрігерлерінің төртінші реткі бауыр ауыстыру операциясының нәтижесіне байланысты өткізілген телеконференцияда айтты.

«Операцияның сәтті  жасалуымен орталық ұжымына өз алғысымды білдіремін. Сондай-ақ барлық пациенттердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Қазір Қазақстанда да трансплантация жасауға мүмкіндік бар. Оған біздің медициналық  қызметкерлеріміз дайын. Мәселе тек ауыстыруға қажетті органдардың болуында», - дейді С. Қайырбекова. Министрдің айтуынша, қазір жұртшылықты донор болуға үндеуде үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен Алматы қаласының имамы жұма намазы кезінде Аллаға өз пенделерінің дене мүшелері емес, рухы керек екеніне намазхан қауымның назарын аударған. Алдағы уақытта мұндай жұмыс Астанада да өз жалғасын таппақ.