Аллергиясы барларға вакцина салдыруға бола ма - аллерголог

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі, аллерголог Рафаэль Розенсонның айтуынша, коронавирус вакцинасына аллергиясы бар кісілер өте сирек кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қандай санаттағы азаматтарға екпе алуға болмайтындығы туралы сан мәрте рет айтылды. Бірақ «Егер вакцинаның бірінші компонентін алған адамда аллергия байқалса, оған екіншісі салына ма?» деген сауал көпшілікті мазалап жүр. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Бірақ менің қызметім барысында кездесті. Мәселен, «Спутник V» екпесінің бірінші компонентін алған әйелде аллергиялық реакция байқалған. Енді оған вакцинаның екінші компоненті салынбайды. Қазір біз ол әйелге құрамы жағынан қарсы көрсетілімдері жоқ басқа вакцинаны таңдап жатырмыз», - дейді Рафаэль Розенсон.

Оның айтуынша, аллергиясы бар адам вакцина алмас бұрын аллергиялық асқынуын емдетіп алғаны жөн. Бұл көбінесе маусымдық аллергияларға қатысты.

«Жаз шығып, айнала жасыл желекке оранғанда ел арасында «поллиноз» деп аталатын аллергия түрі ушығады. Енді оның аяқталуына да көп қалған жоқ. Содан кейін еш қорықпай вакцина ала беруге болады», - деді аллерголог.

«Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі Рафаэль Розенсон қазіргі уақытта елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кеткендіктен тұрғындарды карантин шараларын бұзбауға және індеттен қорғануға мүмкіндік беретін жалғыз амал – вакцина алуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар