«Алмағайып заманда қазақ халқы өзінің мұңынан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз - татулық» деген тақырыппен берілді. Жиын алдында сөз сөйлеген Елбасы: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек. Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді. Бұл тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс! Мен тіл туралы мәселе - саясат мәселесі емес екенін талай айтқанмын. Саяси шешім баяғыда, Конституция мен тиісті заңдар қабылдануымен алынған болатын. Тіл туралы мәселе саяси саудалаудың тақырыбы бола алмайды. Енді бұл практикалық мәселе», - дейді.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы «RIXOS» қонақүйінде Қазақстан Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы өтті. Жиналғандар Ұжымдық қауіпсіздік шарты аймағына кіретін елдердің өздерінің географиялық орналасуы жағынан және ҰҚШҰ аймағының үлкен құрлықтың ауқымды бөлігін алып жатуымен әлем қауіпсіздігіне осыған дейін әсер етіп келген жағдайлардан және жаңадан туындайтын ықтимал қауіп-қатерлерден тыс қалмайтынына тоқталды. Сонымен қатар Еуразия аймағы үшін қауіп ошағы болып отырған Ауғанстан жайы да отырыста жан-жақты талқыланды. Мақала «ҰҚШҰ: Мерейтой алдындағы кездесу» деген тақырыппен берілген.
***
«Алматыда Алатаудың етегінде өткен жылы мамырда болған дауыл алдағы айда қайталануы мүмкін. Бұл пікірді Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті Михаил Казанцев білдірді. Бұған себеп болған жағдай, қала құрылысын дұрыс жүргізбеу көрінеді», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Дауыл қайталануы мүмкін бе?» деген тақырыптағы мақаласында. Соңғы онжылдықта ретсіз салынған құрылысқа байланысты ауаның табиғи айналымы бұзылды. Нақты айтқанда, биік ғимараттардың темір-бетон қабырғаларымен кедергілер тұрғызылған. Аймақтың газға толы ауасы өзінің табиғи қозғалыс арналарымен кете алмайды, ол жиналып, бұрынғыдан да күшті қыза бастады. Бұл дауыл соғуына себепші болды, - дейді М.Казанцев.
Халықтың қанша пайызы өзін тұрғын үймен қамтамасыз ете алады? Қанша отбасы баспанаға мұқтаж? Жұртшылықтың орташа жалақысы қанша? Ал орташа дәрежедегі қаржымен халықтың банктен несие алуға күш-қуаты жете ме? «Айқын» газетінің жазуынша, бұл сауалдарға жауап «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жасау жөніндегі кеңестің отырысы барысында мәлім болды. Қазақстанда үй алу кезегінде 150 мыңға жуық отбасы тұрса, оның 89 мыңы - әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, ал 52 мыңы - бюджет мекемелерінде қызмет істейтін дәрігерлер, мұғалімдер, 5 мыңнан астам отбасы апаттық үйлерде тұрады. Мұнымен қоса, баспанасы жоқ жарты миллионнан астам жас отбасылар бар.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадовпен арадағы сұхбат «Алмағайып заманда қазақ халқы өзінің мұңынан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген халық қалаулысы: «Тағы айтарым, «бір Отаным анда, екіншісі мында» деген болмайды. Отан - біреу ғана. Ал нағыз азамат үшін Отанға деген сезіммен қатар, сол Отан алдындағы жауапкершіліктің болғанды да маңызды. Сол үшін айтар едім, анаға деген сезімін Отанына да білдіре алған жігіт қана, өзінің ұлы борышын ақтай алады»,- дейді.
***
«Голландтық AD Sportwereld» журналы әлемнің ең үздік коньки стадиондарының рейтингін жасады. тізім басында Астана қаласындағы «Алау» мұз айдыны тұр», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті «Абыройы асқан «Алау» деген тақырыптағы ақпаратында. Нидерландық журналистер жасаған бұл рейтингті әділ деуге болады.