14:44, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Алмалы ауданында көп балалы 630 отбасы бар
АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алмалы ауданында көп балалы 630 отбасы бар. Оны аудан әкімінің орынбасары Надежда Яковлева бүгін Алматыдағы Динамо стадионында өтіп жатқан дәстүрлі «Динамо» - Қазақстан балалары үшін» акциясында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықаралық балалар күніне арналған мерекелік мұндай шаралар бүгін біздің ауданда Астана алаңы мен Арбатта да өтіп жатыр. Қазір Алмалы ауданындағы 630 көп балалы отбасында 3 мыңдай бала тәрбиеленуде. Ал жалпы білім беретін 29 мектептегі оқушылардың саны 24 мыңды құрайды», дейді Надежда Яковлева. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, оқушылардың жазғы демалысының басталуына орай қазір олар туристік фирмалармен бірігіп түрлі экскурсиялар ұйымдастыруды қолға алған. Енді спорттық жарыстар мен дәстүрлі «Біздің жаз» эстафетасын өткізуді жоспарлауда. «Динамо ? Қазақстан балалары үшін» деп аталатын бұл акция біздің «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамымен бірлесіп өткізіп отырған алғашқы шарамыз. Оған аудандағы көп балалы отбасылардың, Ауған соғысы ардагерлерінің, әскери қызметкерлердің балалары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, ауданда есепте тұрған тәрбиесі қиын жасөспірімдер мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысуда. Бұл акция кезінде «Таңсәрі» балалар театры мен аудандағы балалардың көркемөнерпаздар ұжымдары концерт қойып, Қазақ циркі шеберлері өнер көрсетеді. Сондай-ақ барлық балаларға тегін балмұздақ таратылып, спорттық сайыстар ұйымдастырылады », дейді Надежда Яковлева.