Алмалы ауданының ардагерлері үшін мерекелік шара ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. 9 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматының Алмалы ауданында Ұлы Отан соғысының 357 ардагері тұрады. Бүгін аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен олар үшін Арбат алаңында арнайы мерекелік шара өтті.

Алмалы ауданының ардагерлері үшін мерекелік шара ұйымдастырылды

Шара барысында ардагерлерді аудан әкімі Марат Пірінбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зекен Әділбеков құттықтады. Сондай-ақ эстрада жұлдыздары мен жас өнерпаздар арнайы концерт берді. Дәстүрлі солдат асханасы жайылып, ардагерлер майдан даласы туралы естеліктер айтты.

Қазіргі кезде ауданда 357 ҰОС ардагерімен қатар 3340 еңбек ардагері тұрады. Бұлардың 41 төсекке таңылған, 153-і үйден шыға алмайтын халде. Оларға әкімшілік қызметкерлері барып, арнайы құттықтады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зекен Әділбековтің айтуынша, жыл өткен сайын ауданда ардагерлер саны азайып барады. «Сондықтан оларға құрмет те ұлғаюы тиіс»,- деді З.Әділбеков.