Алмасадам Сәтқалиев жаңартылатын энергия саласында 5 ірі жоба іске қосылатынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңартылатын энергия көзі (ЖЭК) секторындағы ағымдағы жағдай және осы саладағы жоспарлар туралы баяндады.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету 100 пайыз болды. Қазақстанда 222 электр станциясы электр энергиясын өндіріп жатыр. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 146 ЖЭК нысаны бар. 2023 жылы электр энергиясын пайдалану көрсеткіші 115 млрд кВт/сағ (2022 жылы 112,9 млрд кВт/сағ) деңгейінде болды, ал электр энергиясын өндіру 113 млрд кВт/сағ-ты (2022 жылы 112,8 млрд. кВт/сағ) құрады. 2024 жылға арналған болжамды генерация 115 млрд кВт/сағ деңгейінде жоспарланып отыр», - деді А.Сәтқалиев Сенатта «Орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде Қазақстанда баламалы энергия көздері мен жасыл технологияларын дамыту» тақырыбындағы міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия отырысында.
Оның айтуынша, жаңартылатын энергия саласында тұрақты өсім бар. 2014 жылдан бастап оның белгіленген қуаты 16 еседен астам өсті, яғни 178 МВт-тан 2023 жылы 2868 МВт-қа дейін.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 6,675 млрд кВт/сағ-ты немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,92 пайызын құрады. Бұл ретте, ірі гидроэлектростанцияларды қоса алғанда осы көрсеткіш 13,7 пайызға жетеді», - деді министр.
2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15 пайыздық үлесіне және 2050 жылға қарай 50%-дық үлесіне жеткізу мақсаты бекітілген.
«Қазіргі кезде пысықтаудың түрлі сатысында ауқымды жобалар бар. Жалпы қуаты 5 ГВт болатын 5 ірі ЖЭК жобасын пайдалануға беру 2029-2030 жылдарға жоспарланған», - деді ведомство басшысы.