Алматы-3 вокзалының негізгі құжаты дайын: құрылыс қашан басталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда үшінші теміржол вокзалының құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Железнодорожный вокзал, поезд, транспорт
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Kazinform агенттігі жол инфрақұрылымын дамыту басқармасынан жобаның қандай сатыда екенін сұрады. Оған жауап берген ведомство басшысы Олжас Шабданов Алматы-3 вокзалының техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын айтты.

— «Алматы-3» вокзалын салу» нысаны бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Қазіргі уақытта бұл құжат тиісті қорытынды алу үшін мемлекеттік сараптамаға жолданды, — делінген ресми жауапта.

Жаңа нысанның нақты құны әлі анықталмаған. Олжас Шабдановтың айтуынша, нысан құрылысының түпкілікті құны ТЭН бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады.

Биыл наурыз айында Боралдай-Ақсеңгір аралығында Алматы-3 вокзалын салу үшін Алатау ауданында орналасқан 52 жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу рәсімі басталды. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.

— Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы аталған техникалық-экономикалық негіздемені іске асыру шеңберінде мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін сатып алу рәсімдерін бастады, — деп атап өтті Олжас Шабданов.

Еске салайық, қазір Алматы-1 вокзалында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.