Алматы агломерациясында кедендік рәсімдер тәртібі жаңарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қаржы министрлігі Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменттерінің аумақтық құзыретіне өзгеріс енгізді.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Тиісті бұйрыққа Қаржы министрі 2026 жылы 15 қыркүйекте қол қойған. Құжаттағы өзгерістер 29 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Жаңашылдық Алматы агломерациясының аумағындағы Іле және Қарасай аудандарында орналасқан бірқатар жер учаскесіне қатысты. Бұл аумақтарда ірі көлік-логистикалық нысандар мен уақытша сақтау қоймалары орналасқан. Реформаның мақсаты — тез дамып келе жатқан Алматы қалалық аймағында фискалдық бақылау мен кедендік әкімшілікті оңтайландыру.

Қаржы министрлігінің № 511 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, бірқатар жер учаскесі Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының құзыретінен шығарылды. Енді аталған аумақтар Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қарауына өтеді.

Атап айтқанда, Іле ауданында Жетіген елді мекеніне (қазіргі Алатау қаласы) жақын орналасқан және ҚазЦик ауылдық округіндегі логистикалық нысандар жаңа құзырет аймағына енді. Қарасай ауданында өзгерістер Боралдай елді мекені маңындағы және Көкөзек есептік орамындағы нысандарға қатысты.

Бұл өзгеріс аталған аумақта жұмыс істейтін сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар мен уақытша сақтау қоймаларының иелері үшін мемлекеттік кірістер органының ауысатынын білдіреді.

Енді кедендік рәсімдер, декларацияларды ресімдеу және камералдық бақылау Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының құзыретінде болады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, аумақтарды қайта бөлу әкімшілік кедергілердің туындауына әкелмеуге тиіс.

Еске салайық, бұған дейін президент Алматы агломерациясын дамыту қажет екенін айтты.