Алматы әкімдігі көліктің үстіне құлаған ағаштың себебін атады
Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы Қалдаяқов пен Бөгенбай батыр көшелерінің бұрышында құлаған ағашқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Басқарма қызметкерлері ағаш құлаған жерге барып, тексеру барысында құлаған еменнің сыртқы қабаты әлі зақымданбағанын анықтады. Бұл ақпарат «Алматы қаласының жасыл желектер реестрі» арқылы да расталады. Алдын ала мәлімет бойынша нөсер жаңбыр ағаштың тамырындағы топырақты шайып кеткен. Соның салдарынан ағаштың өзегіне дәуір салмақ түскен»,- деп хабарлады басқармадан.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым қозғалыс бөлігіне құлаған ағашты жолдан алып, тазартып жатыр.
Басқарма мәліметінше,Алматы қаласының аумағында 84 мыңнан астам апатты ағаш бар, оның 35 мыңы көше бойында, 49 мыңы аула аумақтарында.
Бүгінде 13 мыңнан астам апатты ағаш кесілді, сондай-ақ ортақ жерлерге 145 мың көшет отырғызылды.
Бұған дейін Алматының орталығында алып ағаштың көліктің үстіне құлағаны туралы жазған болатынбыз.