Алматы әкімдігі крематорий құрылысын жүргізген мердігерді сотқа берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі крематорий құрылысын белгіленген мерзімде және толық аяқтамағаны үшін мердігер компанияны сотқа берді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, мердігер жұмысты белгіленген мерзімде аяқтаған жоқ. Шартта көрсетілген талаптар орындалмады. Егер нысанның бекітілген қабылдау актісі болмаса, оның жұмыс істеуіне жол берілмейді.
«Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуына және онда көрсетілген міндеттемелердің тиісінше орындалмауына байланысты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мердігер ұйымды мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы деп тану және жергілікті бюджетке тұрақсыздық айыбын өндіру туралы арыз берілді», - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кетейік, ғимараттағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын.
Сыртқы инженерлік желілерді, оның ішінде орнатылған пештерді пайдалану үшін газбен жабдықтау желісін тарту жұмыстары 2022 жылдың мамырында қосу көзделген еді.
Еске салайық, 2020 жылдың жазында крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тендер жарияланған болатын.
Құрылыс құны – 1,3 млрд теңге.