Алматы әкімдігі құрылысты уақытында бітірмеген мердігерді сотқа берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі № 70 мектептің реконструкция мерзімін бұзған мердігер ұйымды сотқа берді.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданында орналасқан № 70 мектептің күрделі жөндеу және сейсмикалық нығайту жұмысымен танысты.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, шамамен 30 жыл бұрын салынған 1250 оқушыға арналған мектепті жөндеу 2022 жылдың қарашасында басталған.
Алайда, шартта көзделген жыл ішінде мердігер ұйым жұмыс көлемінің тек 40%-ын ғана орындаған.

Сондықтан құрылыс басқармасы мердігерге қатысты тұрақсыздық айыбы мен мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы сотқа талап арыз берді.
Осы жылдың сәуір айында жұмыстар қайта жанданды және бүгінгі күні нысанның дайындығы 80% дейін жеткізілді: шатыр жабыны жабдықталды, инженерлік коммуникациялар жүргізілді, ішкі әрлеу аяқталуға жақын, аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Мегаполис әкімі ішкі әрлеу сапасына қатысты ескерту жасады, кіреберіс алдында нөсер суларын бұруды қарастыруды тапсырды.
«Бұл мектептің реконструкция жобасы 2019 жылы әзірленді және онда біз енгізіп отырған стандарттар ескерілмеген. Сондықтан мектепті сапалы жабдықтауға ерекше назар аудару керек. Барлық жұмыстарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет», — деп атап өтті Ерболат Досаев.

Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай 37 100 оқушыға арналған жаңа 22 мектеп ашылады деп жоспарланған.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын Қазақстан Үкіметі 2022 жылы Президенттің «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» жолдауын іске асыру аясында қабылдады.
Жобаның басты мақсаты — апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою.
Республика бойынша алдағы 2 жылда барлығы 401 мектеп салу көзделген.
