Алматы әкімдігі саябақ дауы бойынша тұрғындардың талабына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматының Самал-3 шағынауданында саябақ салу мәселесі бойынша тұрғындардың өтінішіне қала әкімдігі түсініктеме берді. Бұған дейін тұрғындар Меңдіқұлов пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, толыққанды саябақ жасауды сұраған еді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, аталған аумақтағы 0,5 гектар жер учаскесі бұған дейін жекеменшікте болған. 2020 жылы бұл аумаққа көппәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға жобалау алдындағы құжаттама берілген.
Алайда тұрғындардың пікірінен кейін әкімдік бұрын берілген рұқсат құжаттарының күшін жойған. Сонымен қатар инвестормен келісім жасалып, жердің жартысы — 0,25 гектары қала меншігіне тегін берілген. Бұл аумақта инвестор өз қаражаты есебінен саябақ аумағын абаттандырған.
— Кейін қала әкімдігі тұрғындардың пікірін ескере отырып, бұрын берілген рұқсат құжаттарының күшін жойды. Сондай-ақ аталған жер учаскесін сатып алған инвестормен келісімге қол жеткізіліп, ол учаскенің жартысын — 0,25 гектарын қала меншігіне өтеусіз берді. Бұдан бөлек, инвестор өз қаражаты есебінен жақын маңдағы тұрғындардың келісімімен әзірленген жобаға сәйкес саябақ аумағын көріктендірді, — делінген хабарламада.
Ал жердің қалған бөлігінде «Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп» ЖШС жылыжай салу және аумақты көріктендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әкімдік бұл жобада күрделі құрылыс нысандары қарастырылмағанын атап өтті.
Қала билігінің мәліметінше, жоба аясында күрделі құрылыс нысандарын салу көзделмеген. Жер телімі жеке меншікте болғандықтан және жоспарланған жұмыстар оның нысаналы мақсатына сәйкес келгендіктен, жобалау алдындағы құжаттарды жоюға заңды негіз жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда биыл қандай жаңа саябақ салынатынын жазған едік.