Алматыда биыл қандай жаңа саябақ салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл жаңа қоғамдық кеңістіктердің құрылысы басталады.

Алматыда биыл қандай жаңа саябақ салынады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы 2026 жылы қалада жаңа сквер мен саябақтар салынып, тұрғындардың сүйікті орнына айналған кей қоғамдық кеңістіктер жөндеуден өтетін хабарлады.

Ведомство мәліметінше, осы жылы Наурызбай ауданында Алатау даңғылының шығысы мен Абай даңғылының солтүстігінде орналасқан аумақта жаңа сквердің құрылысы басталады. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Одан бөлек Алатау ауданында да жаңа саябақ салынады. Ол “Дарабоз” шағын ауданында, Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналаспақ. Қазір оның жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Бұған дейін қала әкімдігі бұл жобаны қаржыландыруға ірі құрылыс компанияларының бірі 6 млрд теңгеден астам қаржы құюды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. 

Алайда қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жаңа жоспар бойынша жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджетті қолданылатын нақтылады.

– Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басқарма аталған жобаны қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім жолдайтын болады. Қаражат бөлінген жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстары 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады, - делінген ведомство жауабында.

Сонымен қатар биыл Алматы қаласының Тұңғыш Президент саябағын жаңарту жұмыстары басталуы мүмкін. Алайда ведомство жобалау-сметалық құжаттама әлі әзірленбегенін және құрылыс-монтаж жұмыстарының уақыты мен құны белгіленбегенін мәлімдеді. Былтыр Тұңғыш Президент саябағы демеушілер есебінен жаңартылып, құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталатыны айтылған еді. 

Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған бұл саябақ 2010 жылы ашылды. Ол Бостандық ауданында, әл-Фараби даңғылы мен Навои көшесінің қиылысында орналасқан. Жалпы аумағы – шамамен 73 гектар. Мұнда фонтан кешені, сәндік гүлзарлар, серуен жолдары, спорт және балалар алаңдары бар.

Еске салайық, былтыр Алматы қаласында бірнеше жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысында, бұрынғы Президент резиденциясы орнында саябақ салынды. Сквер аумағында көлемді тоған бар. Ол қыста мұз айдыны ретінде пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ мұнда өртенген резиденцияның бір қабырғасын көруге болады. 

Сондай-ақ Сайран көлінің жағалауы абаттандырылып, пайдалануға берілді. Ал көл ортасында қалқымалы көпір салынды. Бірақ қысқы кезеңде жаңадан орнатылған көпірлер бөлшектеліп, уақытша алынып тасталды. 

Соңғы жаңалықтар