Алматы-Атырау рейсіндегі жолаушы инфаркт алды: науқасқа ота жасалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдан Атырауға ұшқан ұшақта жолаушылардың бірі жедел миокард инфарктын алып, әуе кемесі 15 минуттан соң әуежайға оралды.
Ұшақ жерге қонғаннан кейін ер адам жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылып, шұғыл түрде Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
– Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Кардиогендік шок орын алып, қан қысымы төмендеді, қатты ентігу, ауырсыну байқалды. Оған шұғыл жасалған коронарлық ангиографияда үш тамырдың зақымданғаны анықталды. Былайша айтқанда, жүректің қанмен қамтамасыз етілуі 4% ғана болды. Мұндай жағдайда шұғыл отасын жасау қажет. Сондықтан Алматы Қалалық кардиологиялық орталық мамандарымен кеңейтілген консилиум ұйымдастырдық. Науқасты ашық ота жасау үшін басқа ауруханаға ауыстыру керек деп шешілді. Бірақ 1-1,5 сағат ішінде науқаста айқын жүрек жеткіліксіздігі пайда болып, оны басқа ауруханаға жеткізу үлкен қауіп туғызды. Алдыңғы қарынша аралық артерияға стент қоюдан басқа амал болмады. Бұл ота сәтті орындалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық, үш күн жансақтау бөлімінде жатты», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің меңгерушісі Асқар Нарынбаев.

Сондай-ақ дәрігер ұшақтың жылдам уақытта әуежайға қайтып келуі – науқастың өмірін сақтаған шешім болғанын атап өтті.
«Бұл жағдайда борт кері қайтарылмағанда, Атырауға ұшу уақыты үш сағат және осы үш сағат ішінде кез келген уақытта жүрек тоқтап, науқас қайтыс болуы мүмкін еді», - деді Асқар Нарынбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 5 мыңға жуық бала инклюзивті біліммен қамтылғанын жазғанбыз.