Алматы әуежайына тағы 100 млн доллар инвестиция салынады — Гокер Косе

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алғаш рет Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), ACI Europe және ҚР Көлік министрлігі мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қолдауымен «Green Airports» аймақтық семинары өтіп жатыр. Іс-шара аясында Алматы әуежайының президенті Гокер Косе БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Гокер Косе
Фото: Kazinform/Досбол Атажан

Биыл маусым айының басында қызметіне кіріскен Гокер Косе Алматы әуежайына неліктен жиі сын айтылатынына жауап бере отырып, мұнда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

— Алматы әуежайының жаңа терминалы уақытынан бұрын салынып, іске қосылды. Сондықтан біз кей кемшіліктерді әлі де жойып жатырмыз. Алдағы уақытта әуежайдың салаларын дамытуға көмектесетін инвестициялар жасалады. Біз, тіпті, әуежай аумағында орналасқан бомбадан қорғану орындарында күшейтіп жатырмыз. Сондықтан алдағы 3-4 жылда барлығы мінсіз сапада болады, — деді Гокер Косе.

Сондай-ақ ол мегаполистегі халықаралық әуежайға алдағы уақытта қанша инвестиция құю жоспарланғанын нақтылап өтті.

— Келесі жылдың соңына дейін ескі әуежай терминалындағы жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, әуежайдың сол жақ ұшу жолағына инвестиция құйылатын болады. Жалпы әуежайға кем дегенде 100 млн доллар инвестиция салынады. Біз қазір нақты мастер-жоспар жасаудамыз, ол инвестицияларды дұрыс бағыттауға көмектеседі, — деді Алматы әуежайының президенті.

Еске салайық, биыл 1 маусым күні Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады. 

5 маусым күні Алматы халықаралық әуежайының жаңа президенті болып Гокер Косе тағайындалды. 

Сондай-ақ бұған дейін Алматы әуежайының президенті жаңа терминалға айтылған сынға жауап бергенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар