Алматы әуежайынан Үлкен Алматы айналама жолына тікелей жол салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімдігі мен облыс әкімдігі арасында Алматы агломерациясына қатысты жергілікті кеңестің отырысы өтті.
Жиын барысында қала маңындағы аумақтарда әлеуметтік нысандар салу, экологиялық жағдайды жақсарту және көлік байланысын жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары аясында ауысып міну тораптарын салуға арналған жер телімдерін анықтау мәселелері талқыланған.
– Ұзындығы 6,4 шақырым болатын әуежайдан Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына дейінгі автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 52 жер телімін сатып алу көзделген, оның 23-і облыс аумағында орналасқан, - деп хабарлады мегаполис әкімдігі.
Еске салайық, бұған дейін Алматының 5 көшесі Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзартылатынын жазғанбыз. Олардың қатарында Тілендиев, Солтүстік айналма, Саин көшелері, сондай-ақ Рысқұлов пен Абай даңғылдары бар.