Алматы әуежайында ішкі рейстерге арналған терминал ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған модернизацияланған Т1 терминалының ресми ашылу рәсімі өтті.
Қайта жаңғырту жұмыстары 13 айға созылды. Инфрақұрылымды жаңартуға 32 миллион доллар жұмсалды.
Жұмыс барысында аумағы 1 700 шаршы метр болатын тіркеу аймағы толығымен жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Терминалдың интерьері заманауи дизайн шешімдері мен ұлттық нақыш элементтерін үйлестіре отырып безендірілген.
Сондай-ақ жарықтандыру, желдету және жылыту жүйелері толығымен ауыстырылды. Электр және IT инфрақұрылымы жаңартылып, багажды автоматты сұрыптау жүйесі орнатылды. Бұдан бөлек, жолаушыларға арналған жаңа тіркеу аймақтары, дәмханалар, дүкендер, күту орындары, отбасылық бөлмелер мен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы кеңістіктер ашылды.
Жаңартылған терминалды аралау барысында Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе атқарылған жұмыстар мен инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарлары туралы айтып берді.
Оның сөзінше, бұған дейін терминалдың бұл бөлігі халықаралық рейстерге қызмет көрсеткен. Енді ол ішкі жолаушылар тасымалына бейімделген. Атап айтқанда, мұнда 10 тіркеу орны, QR-кодтарды автоматты түрде оқитын жүйе және багажды сұрыптаудың жаңа жүйесі орнатылған.
— Ұшу рейстеріне тіркелу аймағында багажды сұрыптаудың мүлде жаңа автоматтандырылған жүйесін құрдық. Соның арқасында багажды сұрыптау процесі айтарлықтай өзгеріп, әлдеқайда жүзеге асады, — деді Гокер Косе.
Терминалда келетін рейстердің жолаушыларына багаж беру үшін төрт арнайы карусель орнатылған. Сонымен қатар XT2100HS компьютерлік томография жүйесі енгізілді. Ол багаж ішіндегі заттардың үш өлшемді егжей-тегжейлі кескінін көрсетіп, тексеру дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жолаушылардың жайлылығына да ерекше көңіл бөлінген. Терминалда жаңа дәмханалар мен дүкендер, ана мен бала бөлмелері, отбасылық демалыс аймақтары, намаз оқуға арналған бөлмелер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар және қосымша демалыс кеңістіктері ашылды. Ұшаққа отырғызу қақпаларының алдындағы күту аймақтары да кеңейтілді.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта ішкі және халықаралық рейстер терминалдарын жалғайтын өткел салу жоспарланып отыр. Бұл халықаралық рейспен келген жолаушыларға терминалдан шықпай-ақ ішкі рейстер аймағына өтіп, Қазақстан бойынша сапарын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Косе әуежай перроны мен ұшу-қону инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, әуежайда ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеуге арналған арнайы алаң салынған. Жаңа жүйенің көмегімен төрттен сегізге дейін әуе кемесі қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған кезде осы процедурадан өте алады.
— Бұрын ұшақты мұздан тазарту процесі 75 минутқа созылатын. Қазір бұл уақыт 10 минутқа дейін қысқарды. Бұл процедураны жылдам өткізіп, уақытты үнемдеу үшін өте маңызды, — деп атап өтті Гокер Косе.
Ресми ашылу рәсіміне премьер-министрдің орынбасары — Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және авиация саласының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Көлік министрі Әсел Жанасова авиациялық инфрақұрылымды дамытудың Қазақстан үшін стратегиялық маңызына тоқталды.
Министрдің айтуынша, көлік логистикасын дамыту — елдің стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл ретте халықаралық тасымалмен қатар, ішкі рейстерге де ерекше көңіл бөлу қажет. Оның сөзінше, әрбір қазақстандық ішкі әуе рейстерінде де жоғары деңгейдегі қызметті пайдалануы керек.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежайларды жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жаңартылған терминалдың ашылуы — осы жұмыстың нақты нәтижесі. Қазақстанның іскерлік және қаржы орталығы саналатын Алматы үшін әуежайды дамыту аса маңызды. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ өңірдегі ірі авиациялық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді, — деді Әсел Жанасова.
Ол Қазақстанның авиация саласындағы әлеуеті артып келе жатқанын да атап өтті.
— Бұл — елдегі ең ірі әуежай. Бүгінде біз көш бастап тұрмыз. Еліміз арқылы жыл сайын 15 миллион жолаушы ұшады және біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтау, Атырау әуежайлары — еліміздегі ең ірі әуе айлақтары. Қазақстан — үлкен мемлекет, сондықтан өңірдегі ең үздік әуежайлар бізде болуы керек. Біздің ел арқылы, соның ішінде өңірлік транзит көлемі де артуға тиіс. Біз авиациялық әлеуетімізді одан әрі дамытамыз. Серіктестерімізбен бірлескен мақсатымыз — 2040 жылға қарай жыл сайынғы жолаушылар ағынын 50 миллион адамға жеткізу. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — деді министр.
Оның айтуынша, әуе жүк тасымалын дамыту да перспективалы бағыттардың бірі. Азия мен Еуропа арасындағы әуе жүк тасымалының жылдық көлемі — шамамен 2 млн тонна. Бұл ретте Қазақстанның транзиттік жүк рейстерін тартуға әлеуеті зор.
— Бізден мыңдаған жүк рейсі ұшып өтеді. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей елімізге қонбайды. Біз осы рейстерді Қазақстанда тоқтатуға жағдай жасап, мультимодальды тасымалды дамытуымыз керек. Қасымызда жыл сайын әлемдік сауда көлемінің 60%-дан астамын қалыптастыратын Қытай орналасқан. Сондықтан Қазақстанның рөлі өте маңызды, — деді ол.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әуежайдың қала имиджін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
— Бүгінгі оқиға авиация саласы үшін ғана емес, бүкіл қала үшін маңызды. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін жолаушыларға қызмет көрсететін жаңартылған терминалды ашып отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз — Алматы әуежайын заманауи, қолайлы әрі өңірдегі жетекші авиациялық хабтардың біріне айналдыру. Серіктестерімізбен бірге бұл мақсатқа жететінімізге сенімдімін, — деді қала әкімі.
TAV Airports Holding бас директоры Серкан Каптан ішкі рейстер терминалын жаңғырту әуежайды дамытудың ауқымды бағдарламасындағы кезекті кезең екенін айтты.
— Осындай ауқымды жаңғырту жұмыстары небәрі 13 айда аяқталды. Күрделі жұмыс барысында түсіністік танытып, шыдамдылық танытқан жолаушыларымыз бен серіктестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. 2024 жылы жаңа халықаралық терминалдың құрылысын аяқтап, оны пайдалануға бердік. Ал осы жобаның арқасында ішкі рейстер терминалындағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен операциялық тиімділікті ең жоғары халықаралық стандарттарға жеткіздік. 2021 жылдан бері әуежайды дамытуға 650 млн доллардан астам инвестиция салдық. Алматы әуежайына қаржы құюды жалғастырып, оны Орталық Азиядағы басты авиациялық хаб ретінде дамытамыз. Үкіметке, серіктестерімізге және қызметкерлерімізге тұрақты қолдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтамын, — деді ол.
Оның айтуынша, өткен жылы әуежай 12 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 12,5 миллионға жетеді деген жоспар бар.
Серкан Каптан Horizon бағдарламасы аясында жүзеге асқан басқа жобаларға да тоқталды. Соңғы 12 айда әуе кемелеріне арналған 14 жаңа тұрақ пайдалануға беріліп, екі рулеж жолы жөнделді. Сондай-ақ ұшақтарды мұздануға қарсы өңдейтін арнайы алаңның құрылысы аяқталды.
— Бірнеше аптадан кейін ұзындығы төрт шақырым болатын жаңа параллель рулеж жолын пайдалануға береміз. Сонымен қатар әуежайдың терминалдық инфрақұрылымын кеңейтуді жалғастырамыз. Алдағы жобалардың қатарында екі терминалдың бақыланатын аймағын жалғайтын өткел салу, сондай-ақ халықаралық терминалда қосымша отырғызу қақпалары мен тіркеу аймақтарын ашу бар, — деді TAV Airports Holding басшысы.
Ол компанияның әуежай қауіпсіздігін нығайтуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және қызметкерлердің кәсіби дамуына инвестиция салуды жалғастыратынын атап өтті.
Айта кетейік, Т1 терминалын жаңғырту — Алматы халықаралық әуежайын 2050 жылға дейін дамытудың бас жоспарының алғашқы кезеңі саналатын Horizon (2025–2029) бағдарламасындағы негізгі жобалардың бірі. Бағдарлама аясында жалпы құны шамамен 362 миллион доллар болатын 130-дан астам инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Атап айтқанда, Орталық Азияда алғаш рет ұшақтарды мұздануға қарсы өңдейтін арнайы алаң салу, ұзындығы 4 000 метр жаңа рулеж жолын іске қосу, ұшу-қону жолақтарының бірін бетон жабынымен қайта жаңғырту, VIP перрон мен әуе кемелерінің тұрақтарын жаңарту, жүк перронын дамыту және ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін ангар салу жоспарланған.
Бұған дейін Kazinform агенттігінің фототілшісі Алматы әуежайындағы жаңа халықаралық терминалдың көрінісін жариялаған еді. Халықаралық рейстерге арналған жаңа терминал 2024 жылғы 1 маусымда ашылды.