Алматы әуежайындағы оқыс оқиға: жолаушылар маңына құбыр құлаған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының әуежайында оқыс оқиға болды.
Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстерге арналған терминалында желдету жүйесінің темір тіректері құлағаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға қатысты әуе айлағының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
— Инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары барысында желдету элементі жартылай ажырап қалды. Құбыр алдын ала бекітіліп, кейін оны қажетті деңгейге дейін кезең-кезеңімен түсіріп, қайта бекіту жоспарланған болатын. Алайда құбырды түсіру барысында ол ажырап, соның салдарынан конструкция сақтандыру арқандарына ілініп қалды, — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Алматы әуежайы оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта желдету құбырының барлық элементтері толықтай алынып тасталған. Одан бөлек жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде қосымша шаралары қабылданған.
— Ішкі терминалдағы құрылыс жұмыстары әуежай инфрақұрылымын жаңғырту аясында жүргізілген болатын. Жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда. Барлық қажетті шаралар қабылданды, әуежай қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы регламенттерді сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады әуежайдан.
Еске салайық, бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайын жаңғырту қарқынын сынға алды.