Алматы әуежайының президенті жаңа терминалға айтылған сынға жауап берді

Алматы әуежайы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 1 маусым күні іске қосылған Алматы әуежайының жаңа терминалында БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында халықаралық әуежайдың жақында тағайындалған президенті Гокер Косе жаңа терминалға әлеуметтік желіде айтылған сынға жауап берді.

Әуежай басшысы жаңа терминалдың әйнегі шытынағаны бейнеленген видеоға байланысты пікір білдірді. 

Алматы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Бұл ғимарат сейсмикалық нормалар мен стандарттарға сай салынған. Бірақ жаңа ғимарат кішкене отырады. Сол тұрақтану кезінде кейбір шыны мен әйнектерде кішігірім жарылған жерлер болады. Біз оны алмастырамыз. Бұл қалыпты жағдай», - деді әуежай президенті.

Сондай-ақ ол кей жолаушылардың жүкті ұзақ күтуінің себебін түсіндірді. Гокер Косенің айтуынша, мұндай қиындықтар ескі терминалдан жаңасына көшу кезінде туындаған. Алдағы уақытта жүктері алу процесін 45-50 минуттан асырмау жоспарланып отыр. 

Алматы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Инфрақұрылым бойынша біз барлық жұмыстары аяқтадық. Бірақ кейбір коммерциялық аймақтар әлі салынып жатыр. Ескі терминалдан жаңасына көшу кезінде қиындықтар туындады. Жолаушылар мен олардың жүктерін қабылдау технологиялары және жаңа жабдықтар орнатылып жатыр. Кейбірі толық орнатылған жоқ. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Бірақ жақын уақытта ондай келеңсіздіктер толықтай шешіледі деп уәде бере аламын. Ұшақ қонған сәттен бастап, жүк алған сәтке дейінгі уақытты 45-50 минутқа жеткіземіз», - деді ол.

Алматы әуежайының президенті жаңа терминал бүгінге дейін 1,5 мың рейсті қабылдағанын және күнделікті 16 мың жолаушыға қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Гокер Косе алматылықтарды уақытша қолайсыздарға түсіністікпен қарауға шақырып, орынды сынды қабылдауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа терминалға көшу жұмыстарын жүріп келе жатқан көліктің дөңгелегін ауыстырумен салыстыруға болады. 

Алматы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Иә, сыннан хабарым бар. Өткенге қарайтын болсақ, ескі терминалдың сыйымдылығы 2,5 миллион болды. Алайда біз 10 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсеттік. Екіншісі, біз жаңа терминалға тез арада көшуге мәжбүр болдық. Егер біз бұл терминалға көшпегенде көптеген рейстерден бас тартуға тура келетін еді. Көшу кезінде әрине, келеңсіз жағдайлар болып тұрады. Біз орынды сынға дайынбыз және ол бойынша жұмыс істейміз. Әлемдік тәжірибеден жұмыс істеп жатқан терминалдан жаңа терминалға көшу және екеуін бір уақытта басқару өте қиын екенін білеміз. Еуропада бұл 4 жылға дейін созылатын еді. Біз мұны 2 жылда жасай алдық. Бұл жылдамдықпен келе жатқан көліктің дөңгелегін ауыстыру секілді», - деп атап өтті Гокер Косе.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралағанын жазған едік. 

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ал 1 маусым күні Алматы әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады. 

14 маусым күні Алматы әуежайындағы барлық халықаралық рейстер жаңа терминалға ауыстырылды.

Сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайының жаңа президенті болып Гокер Косе тағайындалды. 

Соңғы жаңалықтар