Алматы әуежайының жаңа терминалы маусым айында ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Алматы әуежайының жаңа терминалы көрсетілген бейнежазба тарады.
Нұрдана есімді желі қолданушысы өзінің парақшасында жаңа терминалдың ішкі көрінісін көрсеткен. Бейнежазбадан әуежай ішіндегі құрылыс жұмыстары аяқталғанын көруге болады.
Осы орайда, Алматы әуежайының баспасөз қызметінен жаңа терминалдың қашан ашылатынын сұрадық.
- Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Қазір терминал ішінде әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Терминал қызмет көрсетуге 2024 жылдың маусым айында дайын болады, - деп хабарлады Алматы әуежайының баспасөз қызметінен.