Алматы автобустары қысқа дайын болмай шықты

 Алматыда қоғамдық көліктер үздіксіз қызмет көрсету үшін автопарктерде түнгі кезекшілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kazinform.

автобус
Фото: Алматы әкімдігі

«Бұған дейін қалалық мобильділік басқармасының нұсқауымен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындаған еді. Алайда автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды. Бұл ретте тасымалдаушылар тарапынан ақауды жою бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр. Барлық автопаркте кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақтылы шығу үшін қозғалтқышты бірнеше рет жылыту жүргізіледі», — делінген хабарламада.

Айта кету керек, рейстердің жүйелілігіне қаладағы ұзынсонар кептелістер де әсерін тигізді.

Коммуналдық қызметтер қаланың барлық аумағында қар күреу және жол тазалау жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. 

Синоптиктердің айтуынша, бір күнде жауын-шашынның айлық мөлшерінің 28%-ы түскен.

Бүгінде Алматыда 176 тұрақты қалалық және қала маңы маршруты бар.

Бас-аяғы 2297 автобус пен троллейбус қызмет көрсетеді.

Маршруттарға «Алматыэлектротранс» ЖШС 23 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді.

Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, ауа температурасының күрт төмендеуі мен 12 желтоқсанда жауған қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктің шығуы — 91 пайыз және үзіліссіз жұмыс істеп жатыр.

Соңғы жаңалықтар