Алматы бағында Қызыл кітапқа енген өсімдік отырғызылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Бас ботаникалық бағында еліміздің Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдік – алтай сібіриясы отырғызылды. 

Алматы бағында Қызыл кітапқа енген өсімдік отырғызылды
Фото: Ботаникалық бақ

Бақ мамандарының айтуынша, бұл өсімдік Ботаника және фитоинтродукция институтының дендрология зертханасыда кішкентай тұқымнан өсірілген. Енді ол ботаникалық бақтың ашық топырағында әрі қарай өсетін болады.

— Қазақстанда алтай сібіриясының табиғи таралу аймағы негізінен Алтай өңірімен байланысты. Елімізден тыс жерлерде ол Алтай аймағының іргелес аумақтарында кездеседі. Бұл — табиғи өсу орталарындағы саны азайып бара жатқан сирек түр, — деп түсіндірді ботаникалық бақтан.

Алматы бағында Қызыл кітапқа енген өсімдік отырғызылды
Фото: Ботаникалық бақ

Сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді тұқымнан өсіру — дендрология зертханасы жұмысының маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Бұл жұмыс отырғызылатын өсімдіктерді алуға, ғылыми коллекцияларды толықтыруға, сондай-ақ сирек түрлердің мәдени ортадағы өсу және бейімделу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ерекше алқызыл ағаш тұрғындар қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ 15 қазаннан бастап Алматының Бас ботаникалық бағы қысқы жұмыс кестесіне ауысты.