Алматы балабақшаларының 75 маманы шетелдерде халықаралық тағылымдамадан өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық балабақша тәрбиешілері Сингапур, Қытай және бірнеше елде тағылымдамадан өтті.

2023-2024 жылдары 75 үздік жетекші мен әдіскер Сингапур, Ұлыбритания, Қытай, Малайзия, Польша және Германияның алдыңғы қатарлы білім беру мекемелерінің заманауи технологияларымен танысып, өзара пікір алмасты.
– Тағылымдама барысында қатысушылар шетелдердің мектепке дейінгі білім беру ерекшеліктерімен танысып, балаларды оқыту мен тәрбиелеудің заманауи және дәстүрлі әдістерін, технологияларын, сондай-ақ маман даярлау және мектепке дейінгі білім сапасын арттыру мәселелерін зерттеді, - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасы отандық қана емес, сонымен қатар шетелдік мектепке дейінгі білім беру саласының сарапшыларын да тартуды көздеді.
Айта кетейік, Алматыда мектепке дейінгі ұйым мамандарының біліктілігін арттыру жобасы 2023 жылы басталды.
Бағдарлама педагогтердің кәсіби дағдысын дамыту арқылы білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Бұл қаланың мектепке дейінгі білім сапасын арттырып, балалардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Осыған дейін 2025 жылы балабақшалардың бәрі ваучерлік қаржыландыруға көше бастайтынын жазған едік.