«Алматы – Джидда» бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Қазақстан мен Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысына қатысты, деп хабарлайды Kazinform министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы Джидда
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Пленарлық отырыста Ержан Еркінбаев елдер арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың кеңейгенін атап өтті. Мәселен, келесі жылдан бастап Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында аптасына 2 рет рейстерді орындайтын «Алматы-Джидда» бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы ашылады. 

«Алматы – Джидда» бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады
Фото: Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі

«Біз – жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер және Сауд Арабиясының туристік компаниялары үшін еліміздің туристік әлеуетін көрсету мақсатында ақпараттық тур ұйымдастыруды ұсындық. Бұл – Сауд Арабиясының азаматтарына Қазақстан табиғатының көркем пейзаждарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ержан Еркінбаев.

Жиын соңында Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев отырыстың барлық қатысушысын 2024 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тамашалауға шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.