Алматы электр станциялары қосымша қызметпен энергияны міндеттеп сатқаны үшін тексеріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда монополияға қарсы орган бәсекелестікті бұзудың жолын кесу бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың тоғыз дерегі бойынша негізгі ықпал ету шаралары қабылданды.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлы айтты.
Үлкен дүрбелең тудырған істің бірі – «Алматы электр станциялары» АҚ-ға қатысты көтерме электр энергиясын өткізу нарығындағы тергеу. Компания Алматы индустриялық аймағында аталған қызметті техникалық тұрғыда көрсету мүмкіндігі болмағанына қарамастан, электр энергиясын жеткізуші ұйымды еншілес компанияның желісі арқылы беріп, қосымша қызметпен бірге сатып алуды міндеттегені анықталды. Бұл аймақта жұмыс істейтін 118 кәсіпорынға, жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асатын резиденттерге қосымша жүктеме түсірген.
– Мұндай шарттар энергия қорына жұмсалатын шығынды азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін іс жүзінде жоққа шығарды. Сот департамент қорытындыларын заңды деп танып, түпкілікті шешім қабылданған жағдайда жүзден астам кәсіпкердің құқығы қорғалады, - деді Нұржан Нұрланұлы.
Тағы бір мысал – «INVIVO Business» ЖШС-не қатысты. Франчайзинг шарттарында келісімшарт бұзылғаннан кейін 24 ай бойы бәсекелестермен ынтымақтастық жасауға шектеу қою нормалары анықталған. Ескерту енгізілгеннен кейін компания тиісті тармақтарды алып тастады. Нәтижесінде еліміздің 16 қаласындағы зертханалық қызметтер нарығында жұмыс істейтін 143 субъектінің құқықтары қорғалды.
Жылумен жабдықтау саласында департамент «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нен де заңбұзушылық анықталды: жылу энергиясына қайта қосу кезінде тарифке 10% мөлшерінде пайда қосылған, қолданыстағы қағидалар тек нақты шығындарды өтеуді көздейді. Нәтижесінде Алматы тұрғындары үшін қызмет құны 10%-ға төмендетілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда монополияға қарсы орган FlyArystan әуе компаниясына қатысты тергеу бастағанын жазғанбыз.
Оған себеп – қол жүгінің артық салмағы үшін бірыңғай тарифтің қолданылуы.