Алматы хайуанаттар бағына канадалық сілеусіндер әкелінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы зообағына канадалық сілеусіндердің жұбы әкелінді. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Жануарлар АҚШ-тан халықаралық жануарлар алмасу бағдарламасы аясында жеткізілді. Кері бағытта зообақ қорынан жыртқыш құстар берілді.
- Сілеусіндер міндетті карантиннен және ветеринарлық бақылаудан өтті. Қазіргі уақытта жануарлар жаңа ортаға толық бейімделіп, келушілер назарына ұсынылып отыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
Ресми мәліметке сәйкес, еркек сілеусіннің жасы – 3-те, ал ұрғашысы – 7 жаста. Жаңа тұрғындар «леопардтар шеңбері» деп аталатын аумақтағы ұсақ жыртқыштарға арналған вольерлер кешеніне орналастырылған. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында кең вольер, жасырынуға арналған үйшік, салқындатқыш және салқындатқыш тұман жүйесі қарастырылған. Жануарлардың рационына балық, сиыр еті және тауық еті кіреді.
- Канадалық сілеусін – Солтүстік Американың солтүстік аймақтарын мекендейтін мысық тұқымдасының ерекше өкілі. Бұл жыртқыш өзінің төзімділігімен және қатал климаттық жағдайға жоғары бейімділігімен ерекшеленеді. Түрдің басты белгілеріне құлақ ұшындағы ұзын шашақтар, қалың жүн және қалың қарда еркін қозғалуға мүмкіндік беретін жалпақ табандар жатады, - делінген әкімдік ақпаратында.
Еске салайық, бұған дейін Алматы жұртын зообақтағы ақ аюдың жағдайы алаңдатқанын жазғанбыз.