Саунадағы лагерь: Алматы қалалық білім басқармасының шенеунігі ұсталды

Алматы қалалық Білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

ұсталды
Фото: gov.kz


«Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын ұстады. Ол жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мегаполистің білім беру мекемелері оқушыларына арналған лагерь ұйымдастыру қызметін көрсетушіден 12 млн теңгеден астам сомадан 10 пайыз пара алуға әрекет жасады деген күдікке ілінді. Пара жеткізуші компанияны конкурстың жеңімпазы деп тануға арналған», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, компанияның балалар лагерін толыққанды ұйымдастыру үшін қажетті материалдық және еңбек ресурстары болмаған. Бірақ, конкурстың жеңімпазы болып танылған.

«Лауазымды адам сот санкциясымен қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деді Арман Тілеукенов.

Еске салсақ, Алматы қалалық білім басқармасы оқушыларды жазғы лагерьдің орнына саунаға жіберген болатын. Алматы қаласының прокуратурасы «Сауна ғимаратында балалар лагерін» ұйымдастыру кезінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (ҚР ҚК 361-бабы) және кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау (ҚР ҚК 140-бабы) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады