Апатпен күрес: Қостанай билігі қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатыр

су
Фото: ТЖД баспасөз қызметі

ҚОСТАНАЙ. KAINFORM - Қостанай облысындағы жергілікті билік су тасқынымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Ауқымды құтқару операциялары жүргізілді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі кешеден бері Арқалық қаласында. Әкімінің бақылауымен су тасқынына қарсы барлық қажетті шаралар қолға алынды. Тұрғындармен кездесу өткізіліп, тасқын судан келген залалды бағалау жөніндегі комиссия құрылды. Сондай-ақ, Амангелді, Жангелді аудандарында және Арқалық қаласында ТЖ режимі жарияланды.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, әр адам көмек алады.

«Біз жергілікті әкімдіктер, төтенше жағдайлар саласы, полиция, Қазавиақұтқару қызметкерлері қатарынан 900-ден астам адамды жұмылдырдық. Бізге Қарағанды, Қызылорда қалаларынан көмек келді. 438 техника жұмыс істейді, оның ішінде 156 мотопомпа, 20 жүзу құралы, 4 әуе кемесі бар» - деп облыс әкімі түсініктеме берді.

Облыстық әкімдіктің жедел штабының ақпараты бойынша су тасқыны аймағынан 443 адам (Арқалық қ. – 307 адам, Амангелді ауданы – 46 адам, Жангелді ауданы – 90 адам) эвакуацияланды.

Облыс бойынша су тасқыны кезеңінде барлығы 200 мың м3, өткен тәулікте 85 мың м3 су сорылды, 4 мыңнан астам қап қапшық төселді, оның ішінде осы тәулікте – 1 500 қап, 500 тоннаға жуық инертті материалдар құйылды, оның ішінде соңғы тәулікте – 300 тонна.

Сондай-ақ, өңір басшысы қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатынын айтты. Арнайы штаб операторлары тұрғындардың қоңырауларына тәулік бойы жауап береді, тиісті көмек көрсетеді.

Айта кететіні, синоптиктердің мәліметінше, мұндай су тасқыны бұрын-соңды болмаған.

«Егістіктерде өнімді ылғалдың көп мөлшері бар, ол өткен жылдан 179% - ға және нормадан 144% - ға артық. Өткен жылдың қараша және желтоқсан айларында жауын-шашын нормадан 200% артық болды. Топырақтың ылғалдылығын ескере отырып, қардың көп мөлшері және мұз қабығының болуы еріген суды сіңіруді қиындатты, бұл судың беткі ағынына әкелді» - деп «Қазгидромет» РМК Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Жазылбеков Самат Әлисаұлы атап өтті.

Зардап шеккендерге көмек көрсетуге қоғам белсенділері, еріктілер де қатысуда. Олар бірігіп, зардап шеккен аудандардың тұрғындарына көмектеседі: суды бұру үшін арналарды тесу, аулаларды тазалау және қар шығару жұмыстарын жүргізуде.

Мысалы, Арқалық жастары су басуға бейім үйлерді қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Жалпы 100 - ге жуық ерікті, 4 колледж және өңірлік ЖОО өкілдері жұмылдырылды.

Су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданында кәсіпкер, жергілікті «Самғау» кафесінің иесі Гаухар Ескендірова су тасқынымен күресушілерге азық-түлік жеткізіп беріп тұрды.

Облыс әкімдігі өңірдің барлық жанашыр тұрғындарына алғысын білдіріп, тыныштықты сақтауға шақырды. Ешбір адам назардан тыс қалмайтынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар