Алматы қашан толықтай газға көшеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтарының аумағында екі жаңа газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр.

газ
Фото: Pexels

«Алматы электр станциялары» басқарма төрағасы Бауыржан Қалиевтің айтуынша, компания құрамына жалпы электр қуаты 1235,7 МВт, жылу қуаты 4039 Гкал/сағ болатын алты энергия көзі кіреді. Олар – №1, №2 және №3 жылу электр орталықтары (ЖЭО), ГЭС каскады, Қапшағай ГЭС-і және Батыс жылу кешені.

Қазір компания Алматының жылдық электр энергиясы тұтынуының шамамен 40%-ын, ал жылу энергиясы тұтынуының 70%-ын қамтамасыз етеді.

Бауырдан Қалиев
Фото: Александр Павский / Kazinform

– Қалада электр энергиясын жылдық тұтыну көлемі - шамамен 10–11 млрд кВт·сағ. Ал біздің энергия көздеріміздің жылдық жиынтық өндірісі - шамамен 5 млрд кВт·сағ. Оның ішінде қалаға нақты берілетін электр энергиясының көлемі 4,2 млрд кВт·сағ болады, – деді Бауыржан Қалиев.

Оның айтуынша, Алматыда электр энергиясын тұтыну көлемі артып келеді. Егер 2017 жылы өңірдегі электр энергиясын тұтынудың ең жоғары көрсеткіші шамамен 1540 МВт болса, 2026 жылы 2068 МВт-қа жеткен.

– Бұл көрсеткіш биыл жазда тіркелді. Ең жоғары жүктеме артып келеді. Жазда энергия көздеріміздің қолжетімді қуаты шамамен 500 МВт болса, қыста 850 МВт-қа жуықтайды. Бұл таңертеңгі және кешкі ең жоғары жүктеме кезінде энергия жүйесінің толық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Соның салдарынан жалпы электр энергиясы балансындағы өзіміз өндірген электр энергиясының үлесі шамамен 25%-ға дейін төмендейді, – деді ол.

Қолжетімді қуатты арттыру және энергия жүйесінің икемділігін күшейту үшін компания №2 және №3 ЖЭО аумағында екі жаңа газ электр станциясын салу жобаларын жүзеге асырып жатыр.

№2 ЖЭО аумағындағы жаңа станцияның белгіленген электр қуаты шамамен 556 МВт, ал жылу қуаты 950 Гкал/сағ болады. Қазір мұнда іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал №3 ЖЭО аумағында электр қуаты шамамен 544 МВт, жылу қуаты 165 Гкал/сағ болатын газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ол электр энергиясын өндіру көлемін тұтыну өзгерісіне қарай жедел реттеуге мүмкіндік беретін маневрлік қуат көзі ретінде жұмыс істейді.

– Қазір №3 ЖЭО аумағында газ электр станциясы салынып жатыр. Ол таңертеңгі және кешкі ең жоғары жүктемені жабуға, маневрлік қуат есебінен электр энергиясына деген сұраныстың шарықтау кезеңіндегі қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнда жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесі орнатылады, – деді Қалиев.

Ол жылу электр орталықтары негізінен жылу энергиясын өндіруге бағытталғанын, ал электр энергиясы жылумен бірге өндірілетінін атап өтті.

– Жаңа станциялар қолжетімді қуатты арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша қуат шамамен 450 МВт болады, ал жалпы қуат 1,1 ГВт-қа жуықтайды, – деп түсіндірді компания басшысы.

Оның сөзінше, жаңа қуат көздерін іске қосу компанияның жылдық электр энергиясын өндіру көлемін 5 млрд-тан 8,2 млрд кВт·сағ-қа дейін арттырып, өңір қажеттілігінің едәуір бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа генерациялық қондырғыларды 2027 жылдан бастап іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар екі жобаның жүзеге асуы Алматыны энергиямен толық қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешпейді дейді. Себебі өңір қарқынды дамып келеді, ал қуат тапшылығы әлі де сақталып отыр.

– Осыған байланысты компанияда №1 ЖЭО мен ГЭС каскадын реконструкциялау, сондай-ақ өзенде контрреттегіш су қоймасын салу мәселелері талқыланып жатыр. Жобалардың іске асырылуын Энергетика министрлігін қоса алғанда, барлық мүдделі орган бақылап отыр. Электр энергиясының жалпы балансындағы өз үлесімізді арттырамыз деп күтеміз, – деді «АлЭС» басшысы.

Еске салайық, Алматыда ЖЭО-2-ның қашан газға көшетіні хабарланған еді.