Алматы кәсіпкерлері жыл басынан бері 2 трлн теңгеге жуық салық төлеген

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте 406 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов мәлімдеді.

салық
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, алматылықтар кәсіпкерлер биыл 4 ай ішінде 2 трлн теңгеге жуық салық төлеген. Жалпы салық түсімдерінің 40%-ы шетелдік компанияларға тиесілі.

Алматы
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

«Алматы - қазақстандық кәсіпкерліктің орталығы. Өткен жылы ғана республикалық қазынаға Алматы бизнесі 5 трлн теңгеден астам қаржы аударған. 2024 жылдың 4 айында - 1,7 трлн теңгеден астам салық төленді. Бір қызығы, шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың үлесіне салық түсімдерінің 40%-ға жуығы тиесілі, яғни Алматы халықаралық бизнес жүргізілетін қалалар арасында өңірлік көшбасшы мәртебесін растайды», - деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Сондай-ақ ол Алматы қаласының ӨКП құрылымында құқықтық қорғау, қоғамдық мониторинг және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімі жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл бөлім кәсіпкерлерге жан-жақты құқықтық көмек көрсетеді.

«Тек 2023 жылдың өзінде Алматы қаласының ӨКП бизнестің 2720 өтінішін қарады. Біздің араласуымыздан кейін 6 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Негізінен келісім комиссиясының материалдары бойынша заңсыз есептелген айыппұлдар, өсімпұлдар, қосымша есептеулер, мүліктік шығындардың алдын алды», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар