Алматы кинотеатрларында интернет-алаяқтық туралы бейнеролик көрсетіліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы кинотеатрларында интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы бейнероликтер көрсетіліп жатыр.
Алматы қаласы Полция департаментінің мәліметіне сәйкес, полиция әлеуметтік роликтер, сюжеттер, репортаждар арқылы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөліп отыр.
«Ақпараттық технологияның қарқынды дамыған заманында, өкінішке қарай, қылмыстың да түрлері мен әдістері жетілдіріліп келеді. Сондықтан әркім өзін және жеке деректерін қорғай алуы өте маңызды. Интернет-алаяқтықтың алдын алу аясында бұрынырақ қылмыскерлердің ең танымал әдістері туралы ақпараттық парақшалар мен алаяқтардың құрбаны болмау туралы кеңестер жазылған брошюралар дайындалып, таратылды. Қазіргі уақытта кең аудиторияға арналған медиа өнімдер жасалды. Әлеуметтік роликтер қалалық кинотеатрларда, БАҚ және әлеуметтік желілерде көрсетіліп жатыр», — деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Еске салайық, бұған дейін алаяқтар қалай 1414 нөмірінен SMS жіберетінін жазғанбыз.
Сондай-ақ Қызылорда облысында биыл интернет-алаяқтық қылмысының 199 дерегі тіркелгенін жазған едік.