Алматы қызметтері аяз бен қалың қарға дайын ба

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көлік жолдарын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

Алматы қызметтері аяз бен қалың қарға дайын ба
Фото: Александр Павский/Kazinform

Kazinform агенттігің сауалына жауап берген басқарма қысқы кезеңге дайындық аясында көлік қозғалысының үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ көшелер мен жолдарды қар мен көктайғақтан уақтылы тазарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда: көктайғаққа қарсы материалдардың қажетті қоры дайындалып, арнайы техника қысқы жұмыс режиміне бейімделіп, жол жұмысшыларының штат саны ұлғайтылған.

— Қар тазалау жұмыстарының жеделдігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қар тазалау техникаларының колонналарын ұйымдастыру көзделген. Магистральдық көшелерде 45 колонна, ал аудандық және жергілікті маңызы бар көшелерде 72 колонна жұмыс істейтін болады, — деп хабарлады басқармадан.

Сондай-ақ қысқы кезеңде Алматы қаласының көшелері мен жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына 1 379 арнайы техника жұмылдыру және 89 500 тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайындау жоспарланған. Ведомство мәліметінше, қолда бар техникалық әлеует қаланың жол желісін қажетті деңгейде қамтуға және қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Ал ауа райы коммуналдық қызметтердің тұрақты бақылауында.

Қала жолдарын кім тазалайды

Алматы қаласының көшелері мен жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына барлығы 9 ұйым тартылған. Оның ішінде «Алматы Тазалық» мекемесі және қаланың әр ауданында бір-бірден қызмет көрсететін 8 жеке мердігер ұйым бар.

— 2026 жылғы сәуір айынан бастап қалада көшелер мен жолдарды күтіп-ұстаудың «қасбеттен қасбетке дейін» және «бір аудан — бір мердігер» қағидаттарына негізделген жаңа моделі енгізілді. Аталған модель аясында қаланың негізгі магистральдық көшелерінің басым бөлігі, яғни жалпы күтіп-ұсталатын көшелер мен жолдар көлемінің шамамен 65 пайызы «Алматы Тазалық» ШЖҚ МКК-не бекітілген. Қалған аумақтарға жеке мердігер ұйымдар қызмет көрсетеді, — делінген басқарма жауабында.

Алматы
Фото: Kazinform/ЖИ

Таулы аймақтағы жол қауіпсіздігі

Ведомство өкілдері табиғи-климаттық ерекшеліктер ескеріле отырып Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарының таулы аумақтарында қосымша шаралар қарастырылғанын айтты. Оның ішінде: арнайы техникалар мен жол жұмысшыларының тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру, ауа райы жағдайлары нашарлаған кезде жедел әрекет ету мақсатында техникаларды алдын ала орналастыру орындарын белгілеу жұмыстары бар.

Сонымен қатар таулы аймақтарда көктайғаққа қарсы материалдардың қосымша қоры жасақталған.

— Таулы аймақтарда қаланың орталық және төменгі бөліктеріне қарағанда қар ерте түсіп, көктайғақ пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты аталған аумақтар коммуналдық қызметтердің ерекше бақылауына алынған, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, өткен аптада Алматыда қар жауып, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеді.