Алматы — Қорғас тасжолында жүк көлігі бақылау аркасына соқтығысты
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы — Қорғас тасжолында шанағы көтерілген жүк көлігі бақылау аркасын зақымдады, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.
2026 жылғы 31 тамызда Алматы — Қорғас ақылы автомобиль жолының 120-шақырымында, «Шелек» бақылау аркасы маңында Shacman жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі шанағы көтерілген күйде қозғалған. Бақылау аркасының астынан өту кезінде көліктің көтерілген шанағы арка конструкциясына соқтығысып, салдарынан қозғалыс бағыттарының біріндегі бақылау аркасының бір бөлігі зақымданды.
Жол қызметтері оқиға орнына жедел жетіп, учаскедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті және көлік қозғалысын қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдады.
— Қазіргі уақытта автожолдағы қозғалыс толық қалпына келтіріліп, қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жол-көлік оқиғасының мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Астана-Щучинск трассасындағы ақы алу пунктінде «Газель» өртенгенін жазғанбыз.