Алматы көшелерінде ауқымды тазалық жұмыстары жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. 

Алматы көшелерінде ауқымды тазалық жұмыстары жүріп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Наурыз айының алғашқы онкүндігі «Таза көшелер» деген атаумен өтіп жатыр. Бұл кезең жол жабынын, қоғамдық көлік аялдамаларын тазалауға, жол белгілерін жуып-шаюға, қосымша қоқыс жәшіктерін орнатуға және қаланың негізгі көшелерін көркейтуге арналған.

Жұмысшылар қыс кезінде жолға себілген құм мен басқа да қоқыстарды жинап жатыр.

– «Таза көшелер» науқаны аясында 180 жұмысшы және 60 арнайы техника жұмылдырылды, магистральдық көшелер ғана емес, оларға іргелес жатқан саябақтар, гүлзарлар, арық жүйелері тазартылуда. Аулаларда «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша тазалық жұмыстары қолға алынды, – деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы көшелерінде ауқымды тазалық жұмыстары жүріп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Бұған қоса, көріктендіру төлқұжаты енгізіліп жатыр. Аудан әкімдігі қызметкерлері кәсіпкерлер мен меншік иелерін аралап, көріктендіру төлқұжатына қол қою қажеттігін түсіндіруде. Бұл аймағын таза ұстауға деген жауапкершілікті арттырады.

Еске салсақ, 1 наурыздан 1 сәуірге дейін 4 кезеңге бөлінген «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр.

«Таза көшелер» (1-9 наурыз) – аялдамалар мен жол белгілерін жуу, қоқыс жәшіктерін орнату, магистральды көшелерді көркейту.

«Таза саябақтар, скверлер және таулар» (10-16 наурыз) – табиғи аймақтарда сенбіліктер өткізу, қоқыс жинау шаралары.

«Таза аулалар» (17-23 наурыз) – аулаларды, балалар және спорт алаңдарын тазалау, бояу, көгалдандыру байқаулары.

«Біздің қала – біздің мақтанышымыз» (24 наурыз – 1 сәуір) – жаппай ағаш отырғызу.

Бұған дейін Алматыда 12 мыңнан астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылатыны жазған едік.

Соңғы жаңалықтар