Алматы көшелерінің бірінде біржақты қозғалыс енгізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Прокофьев көшесінің бір бөлігіне біржақты қозғалыс енгізіледі. Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, өзгеріс аудан тұрғындарының өтініші негізінде және Әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша енгізілмек.
«23 тамыздан бастап жол қозғалысы сызбасына сынақ түрінде өзгеріс енгізіліп, Қарасай батыр көшесінен Есенжанов көшесіне дейінгі бөлікте оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылады. Аталған учаскеде тиісті жол белгілері орнатылады», - деп хабарлады Қалалық мобильділік басқармасынан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Райымбек - Момышұлы жолайрығы уақытша жабылғанын жазғанбыз. 20 тамыз сағат 23.00-ден 22 тамыз сағат 11.00-ге дейін Момышұлы көшесінде Төле би көшесінен Талдыарал көшесіне дейінгі эстакадада, сондай-ақ оған бұрылатын және одан шығатын жол жабылады.
Сондай-ақ Павлодар көшесінің бойында жол қозғалысын шектеу мерзімі 26 тамызға дейін ұзартылды.
