Алматы маңында лай көшкіні жүрді

лай
Фото: Алматы облысы әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы Бурабай коттедж қалашығы аумағында лай сырғымасы түсті.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2 мамыр күні сағат 11:20-да ауа райының тұрақсыздығынан тау беткейінен топырақ көшкіні жүрді.

«Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылы Бурабай коттедж қалашығы, Баянауыл көшесі №8 мекенжайына көлемі 30 текше метр топырақ өздігінен сырғып түсті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ» деп хабарлады әкімдіктен. 

Алматы облысы әкімдігі Бурабай коттедж қалашығы Баянауыл көшесіндегі №16 үйдің тұрғындарын көшкіннен қорғау мақсатында 2021 жылы биіктігі 4 метр және ұзындығы 144 метр тірек қабырға салынғанын жеткізді.

«Осы тірек қабырға топырақ көшкінінің тоқтауына себеп болды, осылайша, адамдар зардап шеккен жоқ. Жылына екі рет көшкін қаупі бар кезеңде «Қазселденқорғау» ММ мамандары қауіпті учаскелерде тұратын тұрғындарға көшкіннің болу қаупі туралы хабарлама жібереді»,-деп атап өтті Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Көшкін салдарын жоюға «Қазселденқорғау» мекемесі, төтенше жағдайлар департаменті және «Қазгидроспецстрой» ЖШС мамандары тартылды.

Соңғы жаңалықтар