Алматы маңында мектептен өрт шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан білім ордасынан өрт шықты. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

өрт
Фото: видеодан алынған кадр

Төтенше жағдай Қарасай ауданының құрамына кіретін Жамбыл ауылындағы № 2 орта мектепте болған.

Аталмыш жағдайға байланысты Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Департамент мәліметінше, мектепте өрт шығуына диспенсер тоғының тұтануы себеп болған.

— 2024 жылы 17 мамыр күні Қаскелең қаласының 101 желісіне Жамбыл ауылындағы мектептен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Төтенше жағдайға байланысты дереу Алматы облысы ТЖД күш-құралдары жіберілді. Оқиға орнына келгеннен кейін № 57 кабинеттің 3-қабатында 2 шаршы метр алаңда су диспенсерінің жанғаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 22 қызметкер мен 9 техника, Алматы қаласынан 5 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды, — деп хабарлады Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметінен.