Алматы маңындағы Құлжа трактісінің учаскесінде уақытша шектеу енгізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі 2024 жылдың 15 қыркүйегінде сағат 20:00-ден бастап 16 қыркүйек сағат 07:00-ге дейін «Алматы – Көктал – Шонжы – Қорғас» республикалық маңызы бар автожолының орташа жөндеу жұмыстарына байланысты Құлжа трактісінің 14-16,5 шақырым аралығындағы учаскесінде шектеу қойылатынын хабарлады. 

Алматы маңындағы Құлжа трактісінің учаскесінде уақытша шектеу енгізіледі
Фото: «ҚазАвтоЖол»

Бұл учаскеде қозғалыс 11 сағат ішінде реверсивті түрде ұйымдастырылады. Жұмыстар жолдың шығыс жағында жүргізіліп, жол бір жолақты қозғалыспен қамтамасыз етіледі.

– Аталмыш жерде арнайы ескерту белгілері мен мердігер мекеменің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық стенд орнатылады. Сапарларыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына байланысты Құлжа трактісінің бойындағы елді мекендерде қозғалысқа уақытша шектеулер қойылуы мүмкін, - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».

Еске салайық, бұған дейін Алматының кейбір көшелері қазан айының басына дейін жабылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар