Алматы мектептері 6 күндік оқу аптасына көшуі мүмкін бе
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 6 күндік оқу аптасына көшу мәселесі талқыланды.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін әр мектеп мұндай шешімді өз бетінше қабылдай алатынын хабарлаған болатын. Алайда Алматы қаласы әзірге 6 күндік оқу форматына көшуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев айтты. Оның сөзінше, мегаполис мектептері жаңа оқу жылында 5 күндік оқу жүйесі бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ ведомство басшысы қазір Алматыда үш ауысымды мектептер жоқ екенін айтып, алдағы уақытта қала бір ауысымда жұмыс істейтін мектептердің санын біртіндеп арттыруды көздейтінін жеткізді.
Одан бөлек Сәкен Аралбаев Алматыдағы мемлекеттік мектептер жұмыс істейтін BilimClass платформасына тоқталып, оқушылардың дербес деректері қорғалғанын растады.
- Білім басқармасында оқушылардың дербес дерегінің таралуына қатысты расталған жағдай тіркелмеген. BilimClass мемлекеттік стандарттар мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар деректерді қорғау мәселелері бейінді мемлекеттік органдармен қосымша пысықталған, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматы мектептерінде ЖИ қалай қолданылатынын жазғанбыз.