Алматы мектептері мен колледждерінде қандай ЖИ қолданылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында Ақордада өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Осы орайда, Kazinform тілшісі Алматы қаласының Білім басқармасынан мегаполис оқу орындарында жасанды интеллект қалай қолданылып жатқанын сұрап, сауал жолдады.
Басқарма Алматы қаласының мектептері қазіргі уақытта жасанды интеллекті оқу барысында қолданатынын хабарлады.
«Жасанды интеллект құралдары оқушылардың ақпаратты терең түсінуіне, шығармашылықтарын дамытуына және технологиялық дағдыларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, оқушылардың білім алу процесін жақсарту және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында мектеп мұғалімдері ЖИ құралдарын зерделеп жатыр», - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ Білім басқармасы мектептерде қолданылатын нақты ЖИ құралдарын назарға ұсынды:
1. ChatGPT
Сипаттамасы: OpenAI жасаған тілдік модель. Оқушылар сұрақтарға жауап алу, шығармашылық жұмыстар жазу, идеялар генерациялау үшін пайдаланады.
Пайдасы: Оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту, өз ойларын жүйелі түрде жеткізу қабілетін арттыру.
2. DALL-E
Сипаттамасы: OpenAI жасаған құрал, мәтіндік сипаттама негізінде суреттер генерациялайды. Оқушылар шығармашылық жобаларына визуалды контент жасай алады.
Пайдасы: Визуалды коммуникацияны жақсарту, шығармашылық ойлауды дамыту.
3. Canva с AI
Сипаттамасы: Дизайн жасау платформасы, ЖИ мүмкіндіктері арқылы автоматты түрде графикалық материалдар, презентациялар және инфографикалар құрастыруға мүмкіндік береді.
Пайдасы: Дизайн дағдыларын дамыту, ақпаратты визуализациялау қабілетін арттыру.
4. DeepAI
Сипаттамасы: Әртүрлі машиналық оқыту құралдарын ұсынатын платформа, мәтіндерден немесе идеялардан суреттер жасауға мүмкіндік береді.
Пайдасы: Шығармашылық жобаларда визуализация жасау, оқушылардың техникалық дағдыларын жетілдіру.
5. Lumen5
Сипаттамасы: Мәтінді видеоларға автоматты түрде айналдыруға мүмкіндік беретін платформа. Оқушылар мақалалар мен мәтіндерден қысқа бейнемазмұн жасай алады.
Пайдасы: Видеомазмұн жасау дағдыларын дамыту, ақпаратты креативті түрде жеткізу.
6. Google Bard
Сипаттамасы: Google-дің жасанды интеллект негізіндегі тілдік моделі. Оқушыларға идеялар, жоба тақырыптары мен оқу материалдарын генерациялауға көмектеседі.
Пайдасы: Оқу процесін жеңілдету, шығармашылық және зерттеу дағдыларын дамыту.
Сонымен қатар Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, математика сабағында Plug.XR, геогебра, gencraft.com, ал қазақ әдебиетін оқытуда Khan Academy, Edpuzzle, Nearpod, TED-Ed жасанды интеллектілері қолданылады.
Алматы колледжерінде ЖИ қалай қолданылады
Алматы қаласының Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кейбір мамандықтардың ерекшеліктеріне қарай жасанды интеллект оқу процесінде пайдаланылатынын хабарлады.
«ЖИ оқу үдерісінде мұғалімдермен де, студенттермен де белсенді түрде қолданылады. Мұғалімдер оны тапсырмаларды жасау, оларды тексеруді автоматтандыру және үлгерім туралы талдау алу үшін пайдаланады. Бұл уақытты үнемдеуге және студенттермен жұмыс істеуге назар аударуға мүмкіндік береді», - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ қалалық Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 3 курс студенттері үшін 2022 жылдан бастап оқу жоспарына жасанды интелектті жасау және оны қолдану әдістерін үйрететін модуль енгізілген. Кейбір колледжде «Робототехника және жасанды интелект» элективті пән оқытылады.
«Жалпы білім беру және арнайы пәндерде, өндірістік тәжірибеден ашық сабақ, мастер-класс кезінде презентация әзірлеуде, практикалық тапсырмалар орындауда Gamma, ChatGPT, D-ID studio, Wepik және т.б. ЖИ қолданылады», - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект мектебі ашылғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ жасанды интеллект білім беру саласын қалай өзгертіп жатқаны туралы сарапшылар пікірін ұсынғанбыз.