Алматы мектептерінде 15 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен 30 жеке күзет ұйымы айналысады. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментті хабарлады.
«Қала мектептеріне 14 866 бейнебақылау камерасы мен «дабыл батырмалары» орнатылды. Барлық бейнекамера жедел басқару орталығы жүйесіне қосылған», - делінген хабарламада.
Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен 30 жеке күзет ұйымы айналысады, олардың қызметін департамент қадағалап, бақылап отырады.
«Арнайы комиссия мүшесі кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін әртүрлі деректер бойынша 326 материал қарады. Өз міндетін дұрыс атқармаған 40 адам ата-аналық құқығынан айырылды. 1 337 ата-ана балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті ведомстводан.
Осыған дейін Алматыда «маугли» балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылғаны туралы жазған едік. 3, 6 және 7 жасар бала маскүнем анасымен антисанитария жағдайында өмір сүріп келген.