Талғар, Еңбекшіқазақ ауданындағы Наурыз мерекесіне Алматы облысының әкімі қатысты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының орталықтарында Ұлық мейрам Әз-Наурызды тойлау іс-шаралары өтті. Жиынға тұрғындар мен аймақтың ардагерлері, аудандардың құрметті ақсақалдары қатысты.

Алматы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Аймақ басшысы жиналған аудан мен ауыл тұрғындарын және барша қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің, жақсы істердің бастауы – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Президенттің тапсырмасының негізінде «Наурызнаманың» жаңа тұжырымдамасы дайындалды. Осы тұрғыда қазақстандықтар еліміздің басты мерекесі «Наурызды» 10 күн қатарынан тойлауда. Кеше облысымыздың орталығы Қонаев қаласында Наурыз мейрамын тойлау барысында халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің көрінісі ретінде Көш-керуен салтанат құрды. Көш 9 тақырыпты қамтып, оған 3 мыңнан аса адам, 50 батыр, 51 атты әскер, 70 биші, және жалпы мерекелік шараға 10 мыңнан аса тұрғын мен қонақ қатысты. Ерекше айта кетсек, осы тақырыптар сайысында Кеген ауданы мерекелік шеруде, Тай қазан көрінісінің және қазақ-үй байқауында үздік І орынды иеленді.

Құрметті әлеумет! Өздеріңізбен бірге атқарған ортақ ісіміз өңірдің өсіп-өркендеуіне бағытталады. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің, тынымсыз тірліктеріңіздің жемісі. Елдігімізді нығайтып, тұрмысқа тың серпін беретін байыпты бастамаларымыз бен жобаларымыз жалғасын табады. Ұлыстың ұлы күнінде тілеген игі тілектеріңіз қабыл болып, істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Алматы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Мерекелік жиында аудандардың дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, сөз сөйледі. 

Салтанатты бөлімнен соң Талғар ауданында 500 бала күй тартып ұлттық этно бірлестіктердің мерекелік көрсетілімдері тамашаланды. Сонымен қатар қазақтың дәстүріне сай «Ат қою», «Тұсаукесер», «Қыз ұзату» сияқты т.б рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен мекемелер арасында сайыстар мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Алматы
Фото: Алматы облысының әкімдігі
Соңғы жаңалықтар