Алматы облысы әкімінің орынбасары мүгедектігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі үшін кешірім сұрады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғардағы Денсаулық сақтау министрімен өткен кездесуде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар адамдарға қатысты айтқан сөзі қоғамда резонанс тудырды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары мүгедектігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі үшін кешірім сұрады
Фото: Қанат Есболатовтың парақшасынан

Министрмен кездесуге жүздеген тұрғын жиналған. Сол жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Есболатов мүгедектігі бар азаматтарға қатысты айтқан пікір видеоға түсіп қалып, желіде тарады.

Ол: «Мүгедектігі бар адамдардың еңсесін түсірмейік, оларды онсыз да Алланың өзі жазалаған», - деп айтқан.

Қанат Есболатовтың әлеуметтік желідегі даудан кейін өзі ресми түсінік берді. Ол жиынға халықтың көп жиналғанын айтты.

– Денсаулық сақтау министрімен Талғарда өткен кездесуге қалың жұрт жиналды. Әрқайсысы өзекті мәселе көтеріп, сұрақ қоюға асықты. Сондықтан кезек те үлкен болды, - деді ол.

Шенеунік кездесудің төрт сағатқа созылғанын, жиналғандардың арасында мүгедектігі бар адамдар болғанын да айтты. Ол тәртіпті сақтау мақсатында ескерту жасағанын, алайда орыс тілінде айтқан сөзінде қателік кеткенін мойындады.

– Регламентті сақтауға шақырдым. Алайда орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ берген» деп айтпақ болғанмын. Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына тигенін де түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын, - деп жазды Есболатов.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында халыққа бейәдеп сөз айтқан ауыл әкіміне айыппұл салынғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар