Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы тағайындалды
Алматы облысы әкімінің өкімімен облыстық Дін істері басқарма басшысы лауазымына Ерғали Көшеке тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ерғали Көшеке 1992 жылы туған, білімі жоғары, 2013 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша бітірген.
2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлеуметтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының Алмалы ауданы бойынша аумақтық бөлімінің бас маманы болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының келісім бөлімінің басшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
2022 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.