Алматы облысы: Долан ауылының тұрғындары көшелердің бірін жауып тастады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Бірнеше күннен бері ауыз сусыз отырған Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының тұрғындары наразылыққа танытып, ауыл көшелерінің бірін жауып тастады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Желідегі бейнежазбадан наразылық білдіріп, көшедегі көліктердің жолын қиған тұрғындарды тәртіп сақшыларының таратуға тырысқанын көруге болады.
Қарасай ауданының әкімдігі 11 тамыз күні терең ұңғыма сорғысының істен шығуына байланысты ауыз су беру тоқтағанын хабарлады.
- Долан ауылындағы су құбыры биыл сәуір айынан бері «Bey AzhTrans» ЖШС қарамағында. 11 тамыз күні кешкісін терең ұңғыма сорғысының істен шығуына байланысты ауыз су беру тоқтаған еді. Терең ұңғымадағы сорғы жаңасына ауыстырылды. Қазір орташа қысыммен су беріліп жатыр, - деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Еске салайық, бұған дейін Қонаев қаласында күндіз бассейнге су толтырып, газон суаруға тыйым салынғанын жазғанбыз.